Қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік тұрған ақындардың бірі Тұманбай Молдағалиев. Ол әдебиетке жастай келіп, ерте танылды. Елуінші жылдардың орта шенінен бастап мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген Тұманбай жырлары оқырманды бірден баурап әкетті. 1957 жылы жарық көрген «Студент дәптері» атты алғашқы жыр жинағы ақынның әдебиет әлеміндегі өз орыны бар ақын екендігінің алғашқы айғағы болды. содан бастап өзі өмірден өткенге дейін ақын қаламы бір тыным тапқан емес. Жарқын жастықты, туған елді, көркем көктемді жырлаған Тұмағаң жастықтың жыршысы болды. Артына мол мұра қалдырды. Т.Молдағалиев әсіресе әнге арналған өлеңдердің асқан шебері болды. Оның 500-ден аса өлеңіне ән жазылған. Тұманбай сөзіне жазылған «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Құстар қайтып барады», «Қаздар қайтқанда» т.б. әндер жалпы қазақ баласының сүйіспеншілігіне бөленген әндер болды.
Өзін жырлау арқылы өмірді жырлай білген ақынның дүниеге келгенін биыл 90 жыл толып отыр. Осыған орай Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында «Туған елдің жыршысы» атты әдебиет кеші өткізілді. Кеш барысында қаламыздағы Кейкі батыр атындағы №4 мектептің оқушылары, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары Амантай Әдемі, Қапез Мейірлан, Меңдеш Ақмаржан Тұманбай өлеңдерін оқып, көрерменді тәнті етті. Нұрым Дүзбай ақынның сөзіне жазылған «Туған ел» әнін айтса, өзі де сазгер Данияр Әмірбеков Тұманбай мен Нұрғиса тандемінен туған «Құстар қайтып барады» әнін орындап берді. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы Тұманбай шығармашылығы жайлы талдап айтып, өлең оқыды. Бұл әдеби кеш 20 наурыз Тұманбай Молдағалиевтің туған күніне орай өткізілді.