27 наурыз – Халықаралық театр күні қарсаңында Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаевтың жеке заттары мұражай қорына ресми түрде табысталды.
Ізгілікті іс-шараға өнерпаздың туыстары мен ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар мен тарихшылар, студент-оқытушылармен бірге Астана, Қостанай қалаларынан, көршілес аудандардан қонақтар қатысты.
Іс-шара барысында қала әкімі Әмірхан Асанов, көнекөз қария Тұрысбек Ізтілеуов, Арқалық қаласының құрметті азаматтары Шөптібай Бәйділдин, Бораш Әбенов, Арқалықық қазақ жасөспірімдер театрының бас режиссері Ербол Әбжаловтар өнер саңлағы туралы жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті. Театр әртісі, ҚР Мәдениет қайраткері Ораз Нұрғали атақты «Гауһар тас» әнін орындады.
Талантты тұлғаның жеке құжаттарын осы істің басы-қасында жүрген елжанды азамат, жеке кәсіпкер Марат Якупов табыс етті.
Торғай топырағынан шыққан шоқтығы биік өнер жұлдыздарының бірі, Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев ұзақ жылдар бойы Қазақ академиялық драма театрының актері болған еді. Оның актерлік шеберлігінің қалыптасуына М.Әуезов пьесалары бойынша қойылған спектакльдерде ойнаған рөлдері ерекше ықпал етті. Кинофильмдерге түсіп, ірі экрандық бейнелерді де сомдады. Әсіресе, «Гауһар тас» фильміндегі Тасан бейнесі Әнуар Боранбаевты көпшілікке танытты деуімізге болады.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін облысымыздың музейлерінде Әнуар Боранбаевтың жеке заттары көрсетілмеген еді. Сондықтан, халық әртісінің жеке құжаттарының мұражай қорына тапсырылуы — өңірдің өнер тарихы үшін үлкен бір жаңалық болып тұр. Бұл құжаттар халық батыры Аманкелді Имановтың қанжары, халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің домбырасы сияқты құнды мұралармен бірге музейдің төрінен орын алып, ұлттық мәдениетімізді байытып тұратын болады.