
🔸Наурыз айының 4-ші жұлдызында Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық орталық музейінде қоғам және мемлекет қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына орай «Өзбекәлі Жәнібеков феномені: тарих, мәдениет және ұлттық сана» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
🔸Конференцияға Ө.Жәнібеков қоғамдық қорының өкілдері, қайраткердің ұрпақтары, шет елдік және отандық ғалымдар мен мен музей мамандары қатысып, Ө.Жәнібековтің ұлттық мәдениетімізді жаңғыртып, жандануына қосқан үлесі, қазақ этнографиясын мен музей ісін өркендетудегі орыны туралы айтып, ой бөлісті.
Аталмыш конференцияға Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының өкілдері барып қатысып, мұражай басшысы Терек Рауан Абдуллажанұлы құттықтау сөз сөйлесе, мұражай басшысының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы «Өзбекәлі Жәнібековтің Торғай өңіріндегі қызметі» тақырыбында баяндама жасады.✅

«РУХ САРДАРЫ»
⚜️Биыл 28 тамызда қоғам қайраткері әрі ұлт мәдениетінің жанашыры, Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толады. Осы айтулы мерейтой аясында университетімізде «Мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің Торғай өңіріндегі қызметі» атты кездесу өтті.
⚜️Тағылымға толы кездесудің басты қонақтары Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының» директоры Терек Рауан Абдуллажанұлы, Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының» әдіскері Дүзбай Нұрым Маратұлы және филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбек болды.
⚜️Жиын барысында Рауан Абдуллажанұлы Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының» халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өткені мен бүгінін жалғап отырған Өзбекәлі Жәнібековтің ең алғашқы ашқан мұражайы екенін және ол 1972 жылдың 4 ақпанында құрылғанын, мұражай халық батыры Амангелді Имановтың туғанына 100 жыл толуына орай, 1973 жылдың 28 шілдесінде алғашқы көрермендерін қабылдағаны жөнінде сөз сөйледі. Сондай-ақ «Шертер» этнографиялық-фольклорлық ансамбльінің шет елдердегі концерттеріндегі афишалары және ансамбль мүшелеріне арнап тігілген ұлттық киімдерінің эскиздері мұражайда сақтаулы екендігін атап өтті. Ал Дүзбай Нұрым Маратұлы елу үш жылдан астам халыққа қызмет етіп келе жатқан мұражай қорында 77 мыңнан астам жәдігер сақталғанын, соның ішінде 150-ден астам түрін Өзбекәлі Жәнібеков өзі жинап, мұражай қорына тапсырғаны жөнінде айтып, мұражайдағы көне жәдігерлермен таныстырды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбек Өзбекәлі Жәнібеков жайында қызықты оқиғаларымен бөлісіп, биік тұлғаның есімі ел есінде қалуы керек екенін айтты.
⚜️Білім ордасының өнерлі студенттері Өзбекәлі Жәнібековтің қолқа салуымен өмірге келген «Арқалықтың ақ таңы» әнін шырқады.
Кездесу соңында қонақтарға естелік сыйлық тарту етілді.

✅Бүгін Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ұйымдастыруымен Арқалық қаласындағы облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханасының құрылғанына 55 жыл толуына орай “Руханият ордасы” атты кездесу кеші болып өтті.
Аталған іс - шараға көп жылдар бойы облыстық № 2 әмбебап - ғылыми кітапханасында
Өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен, «Кітапхана ісінің үздігі», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы», «Арқалық қаласының құрметті ардагері» - Әубәкірова Әлия Қарсақбайқызы, облыстық № 2 әмбебап - ғылыми кітапханасында Балалар бөлімінің меңгерушісі, «Кітапхана ісінің үздігі», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» – Есмағамбетова Сандуғаш Қазбекқызы, облыстық № 2 әмбебап - ғылыми кітапханасында Өнер бөлімінің меңгерушісінің міндетін атқарушы – Сейтмағамбетова Сымбат Азаматқызы және де
облыстық № 2 әмбебап - ғылыми кітапханасының басшысы – Сәуле Ахметқызы, Арқалық қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту орталығының басшысы – Алмагүл Сейтжанқызы, «Қостанай таңы» газетінің Арқалық қаласындағы меншікті тілшісі – Мұрат Жүнісұлы, облыстық № 2 әмбебап - ғылыми кітапханасының ардагер кітапханашысы– Зайра Сансызбайқызы құрметті қонақ ретінде қатысты.
Кеш барысында жарты ғасырдан астам тарихы бар облыстық кітапхананың тарихына қатысты деректер айтылып, үш буынның өкілдері өздерінің осы ұжымдағы қызметтері жайлы мәліметтермен бөлісті. Кеш соңында дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының басшысы Рауан Абдуллажанұлы облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапхана ұжымына құттықтау хат пен естелік сыйлық табыстады. Және келуші қонақтарға да сый-сияпаттар табыс етілді.

Ақпан айының 4-ші жұлдызында Жангелдин ауданы, Саға ауылында этнограф ғалым, жазушы, сатирик Сейіт Кенжеахметұлына арналған «Дәстүр мен даналықтың дара тұлғасы» атты еске алу кеші өткізілді. Оған Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының қорындағы жазушының жеке заттары апарылып, көшпелі көрме ретінде ел назарына ұсынылды. Көрмені ауыл тұрғындарымен қатар С.Кенжеахметұлы атындағы «Мірдің оғы» әзіл-сықақ театры, ауданның мәдениет саласының мамандары, әкімшілік өкілдері, этнограф қызмет атқарған Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің ұжымы және жазушының ұрпақтары тамашалап, өз естеліктерімен бөлісті.✅

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ұйымдастыруымен «Мұзбалақ ақын Мұқағали» тақырыбында поэзиялық кеш болып өтті.
Кеш барысында өмірін өлеңге арқау еткен ақынның жүрек түкпірінен шыққан сезімге толы туындылары нақышына келтіріле оқылды. Және де ақынның сөзіне жазылған, қазіргі таңда тыңдарман жүрегінен орын алған әндері әуелете шырқалды. Бүгінгі кешке жиналған өнер сүйер қауым ақынның моншақтай жырларына тағы бір мәрте куә болып, рухани демалып қалды.
Кеш соңында арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының директордың ғылыми істер жөніндегі орынбасары, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, айтыскер ақын Батырлан Жұмабайұлы қорытынды сөз сөйлеп, аталмыш кешке ат салысқан барша жандарға өзінің және ұжымның атынан шексіз ризашылығын білдірді.
Мұқағали Мақатаев мұрасы – мәңгі өлмейтін, болашақ ұрпақ қадірлеп, құрметтеп өтетін асыл қазына.
КІТАП ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
2025 жылдың 11 желтоқсан күні Арқалық қаласының Мәдениет сарайында «Тобыл-Торғай күйлері» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Қала әкімі Әмірхан Біркенұлының құттықтау сөзімен басталған іс-шарада, кітап лентасын «Алаш» сыйлығының иегері, ақын, ғалым, күйші Серікбай Оспанов, «Шертер» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің алғашқы мүшелерінің бірі, күйші Тұрсынбек Әлмағамбетов, күйші, ҚР мәдениет қайраткері Әбенов Бораш Қазбекұлы қиып, Астана, Алматы, Қостанай қаласымен облыстың басқа да аудандарынан келген қонақтар сөз алып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Тұсаукесер барысында Тобыл-Торғай өңірінен шыққан күйшілердің туындылары орындалып, кітапқа күйлері енген өнерпаздарда өнер көрсетті. кеш соңында қала әкімі Әмірхан Біркенұлы кітаптың ақылдастар алқасының құрамында болған Мұхтар Қоденов, Бораш Әбенов, Айбек Қалиевтармен бірге, іс-шараға арнайы келген қонақтар Тұрсынбек Әлмағамбетов пен Серікбай Оспановқа сый-құрмет көрсетіп, шапан жапты. Кітап авторлары – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы және Күйшілер одағының мүшесі, өнертану ғылымдарының магистрі Казмұхамбет Ермек Бақытұлының әрқайсына 250 мың теңгеден беріліп, құрмет көрсетілді. Кітап дайындалған Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайына да арнайы алғыс хат берілді.

Қасжанов Нұрлыбек Сапабекұлы