Сегодня: 24.10.2026
Локомотив реформ – это вы, наша прекрасная молодежь! Будущее Казахстана в руках молодых людей, не проспите свой шанс, свою мечту. Мечты сбываются только у тех, кто хорошо учится и много трудится. Касым-Жомарт Токаев

Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының қор комиссиясының отырысы болып, мұражай қорына келіп түскен жәдігерлер комиссия мүшелерінің назарларына ұсынылды.

2025 жылдың алғашқы тоқсанында мұражай қорына өлке тарихына қатысты біршама жәдігерлер келіп түскен еді. Олардың ішінде Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаевтың, Қазақ кеңес республикасының кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі Досжанов Хамит Кәмалиұлының, ҚР мәдениет қайраткері Мұқатова Оразгүл Оразбайқызының жеке заттары мен құжаттарын ерекше атап өтуге болады. Қор комиссиясының ұсынысымен аталған жәдігерлердің бірнешеуі экспозицияға орналастырылып, мұражай келушілерінің назарына ұсынылатын болды.

27 наурыз – Халықаралық театр күні қарсаңында Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаевтың жеке заттары мұражай қорына ресми түрде табысталды.

 Ізгілікті іс-шараға өнерпаздың туыстары мен ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар мен тарихшылар, студент-оқытушылармен бірге Астана, Қостанай қалаларынан, көршілес аудандардан қонақтар қатысты.

Іс-шара барысында қала әкімі Әмірхан Асанов, көнекөз қария Тұрысбек Ізтілеуов, Арқалық қаласының құрметті азаматтары Шөптібай Бәйділдин, Бораш Әбенов, Арқалықық қазақ жасөспірімдер театрының бас режиссері Ербол Әбжаловтар өнер саңлағы туралы жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті. Театр әртісі, ҚР Мәдениет қайраткері Ораз Нұрғали атақты «Гауһар тас» әнін орындады.

Талантты тұлғаның жеке құжаттарын осы істің басы-қасында жүрген елжанды азамат, жеке кәсіпкер Марат Якупов табыс етті.

Торғай топырағынан шыққан шоқтығы биік өнер жұлдыздарының бірі, Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев  ұзақ жылдар бойы Қазақ академиялық драма театрының актері болған еді. Оның актерлік шеберлігінің қалыптасуына М.Әуезов пьесалары бойынша қойылған спектакльдерде ойнаған рөлдері ерекше ықпал етті. Кинофильмдерге түсіп, ірі экрандық бейнелерді де сомдады. Әсіресе, «Гауһар тас» фильміндегі Тасан бейнесі Әнуар Боранбаевты көпшілікке танытты деуімізге болады.

Айта кету керек, осы уақытқа дейін облысымыздың музейлерінде Әнуар Боранбаевтың жеке заттары көрсетілмеген еді. Сондықтан, халық әртісінің жеке құжаттарының мұражай қорына тапсырылуы — өңірдің өнер тарихы үшін үлкен бір жаңалық болып тұр. Бұл құжаттар халық батыры Аманкелді Имановтың қанжары, халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің домбырасы сияқты құнды мұралармен бірге музейдің төрінен орын алып, ұлттық мәдениетімізді байытып тұратын болады.

 

Қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік тұрған ақындардың бірі Тұманбай Молдағалиев. Ол әдебиетке жастай келіп, ерте танылды. Елуінші жылдардың орта шенінен бастап мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген Тұманбай жырлары оқырманды бірден баурап әкетті. 1957 жылы жарық көрген «Студент дәптері» атты алғашқы жыр жинағы ақынның әдебиет әлеміндегі өз орыны бар ақын екендігінің алғашқы айғағы болды. содан бастап өзі өмірден өткенге дейін ақын қаламы бір тыным тапқан емес. Жарқын жастықты, туған елді, көркем көктемді жырлаған Тұмағаң жастықтың жыршысы болды. Артына мол мұра қалдырды. Т.Молдағалиев әсіресе әнге арналған өлеңдердің асқан шебері болды. Оның 500-ден аса өлеңіне ән жазылған. Тұманбай сөзіне жазылған «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Құстар қайтып барады», «Қаздар қайтқанда» т.б. әндер жалпы қазақ баласының сүйіспеншілігіне бөленген әндер болды.

Өзін жырлау арқылы өмірді жырлай білген ақынның дүниеге келгенін биыл 90 жыл толып отыр. Осыған орай Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында «Туған елдің жыршысы» атты әдебиет кеші өткізілді. Кеш барысында қаламыздағы Кейкі батыр атындағы №4 мектептің оқушылары, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары Амантай Әдемі, Қапез Мейірлан, Меңдеш Ақмаржан Тұманбай өлеңдерін оқып, көрерменді тәнті етті. Нұрым Дүзбай ақынның сөзіне жазылған «Туған ел» әнін айтса, өзі де сазгер Данияр Әмірбеков Тұманбай мен Нұрғиса тандемінен туған «Құстар қайтып барады» әнін орындап берді. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы Тұманбай шығармашылығы жайлы талдап айтып, өлең оқыды. Бұл әдеби кеш 20 наурыз Тұманбай Молдағалиевтің туған күніне орай өткізілді.

Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының суретші-реставраторы Ұзақов Сапарбек Әбілбекұлын ҚР Мәдениет саласының үздігі атануымен шын жүректен құттықтаймыз.
Сапарбек Әбілбекұлы көне заманнан жеткен жәдігерлердің қайта жаңғыруына, халқымыздың асыл мұраларының сақталуына зор үлесін қосып келеді. Тәжірибелі маман теріден, ағаштан, металдан, қыштан жасалған бұйымдарды қалпына келтіруде әр затттың жасалу материалына байланысты өзіндік әдіс-тәсілдерін қолданады.
Музей қорындағы Ә.Қастеев, С.Бакашев, Н.Нестерова секілді атақты суретшілердің қолына шыққан картиналардың бастапқы қалпын сақтауына да қосқан еңбегі бар. Өтей батырдың портретін салу барысында үлкен еңбек етті. Бұл портрет өз өңіріміздегі музейлермен қатар Атырау облыстық тарихи музейіне, Қазақстан ұлттық музейіне, Қазақстан әскери-тарихи музейіне, Қазақстан орталық мемлекеттік музейіне табысталған.
Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Аманкелді Иманов, Жұмабай Шалабайұлы, Нұржан Наушабаев, Қайнекей Жармағанбетов, Өзбекәлі Жәнібеков сынды біртуар тұлғалардың мүсіндерін сомдаған.
Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының доценті.
Мұражай ұжымы Сапарбек Әбілбекұлына алдағы уақытта да толағай табыстар мен жемісті еңбек тілейді.

8 наурыз халықаралық әйелдері күні мерекесіне орай Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында кітапхана ісінің ардагері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жанғалиева Роза Жылқыбайқызымен «Өз ісінің үздігі» атты кездесу кеші өтті.

Роза Жылқыбайқызы 40 жылдан астам уақыт кітапхана саласында абыройлы қызмет атқарып, руханият ордасындағы барлық міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарған, өз ісіне деген махаббат пен құштарлық көрсете білген тұлға. Кештің мақсаты қаламызда кітапхана саласына өз үлесін қосқан жанмен жақынырақ танысу, өмірі мен еңбек жолынан сыр шерту, жетістіктерін келешек ұрпаққа үлгі ету.

Кітапхана ісінің үздігімен өткен кешіне Арқалық қаласындағы №2 әмбебап ғылыми кітапхананың басшысы Алматова Сәуле Ахметқызы, Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Дәмет Есенжолқызы және т.б. құрметті қонақтар қатысып, өз лебіздерін білдіріп, сыйларын табыстады

2025 жылдың 19 ақпан күні ағартушы-демократ, саяхатшы, этнограф, фольклорист, Орта Азия,  Қазақстан және Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуші  Уәлиханов Шоқан Шыңғысұлының туғанына 190 жыл толуына орай «Қазақтың тұңғыш ғалымы» атты зияткерлік ойын өткізілді.

Ш.Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен іс-шара оқушылардың білімдерін кеңейтуге көп үлес қосты.

Аталған зияткерлік ойын 5 кезеңнен тұрды. Сайысқа қаламыздағы Ш.Уәлиханов атындағы №1 жалпы білім беретін орта мектебі «Шоқан шәкірттері» және Кейкі батыр атындағы №4 жалпы орта білім беретін мектебі «Шоқан ізімен» бақ сынасып, Шоқан Уалиханов атындағы мектебінен келген «Шоқан шәкірттері» командасы жеңімпаз атанды. Қатысқан және жеңімпаз атанған барша оқушыларға алғыс хаттар, кітаптар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Іс-шараға атсалысқан барша оқушылар мен ұстаздарға алғысымыз шексіз.