



Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ұйымдастыруымен сазгер, зерттеушісі, ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мақанов Қайыржан Байпақұлының 85 жылдығына арналған «Ұлт өнерінің жанашыры» еске алу кеші өткізілді.
Еске алу кешінде сазгердің өзі шығарған әндері орындалып, Астана, Екібастұз, Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген қонақтар, өнер қайраткерінің туыс-туғандары мен ұрпақтары Қайыржан Байпақұлының өмір жолы мен шығармашылығы туралы естіліктерімен бөлісіп, тұшымды әңгімелер айтты.
Қайыржан Мақанов қазақтың тұңғыш этнографиялық фольклорлы «Шертер» ұлт-аспаптар ансамблін ұйымдастырушылардың бірі ретінде ел есінде қалған өнер қайраткері. Ол «Шертер» ансамблінің көркемдік жетекшісі бола жүріп, алыс-жақын шет елдерге қазақ мәдениеті мен өнерін танытқан ұлтжанды азамат болды. Өнер зерттеушісі ретінде өңіріміздегі музыка мәдениетінің зерттелуіне де айрықша үлес қосты. М.Өтелбаев, А.Затаевич, Н. Құлжанова, А. Янушкевич, Р. Елебаев, Ә. Еспаев т.б. қайраткерлер туралы тың деректі зерттеулер республикалық мерзімді баспа беттерінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп, елдің қызығушылығын тудырды. «Өнерлі әулет» секілді құнарлы, құнды еңбектері шықты.
Сазгерлікпен де айналасып, бірталай тамаша әндер мен күйлер шығарған өнер қайраткерінің Абайға арнап шығарған «Көңілімнің санасы» күйі республикалық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған еді. Оның «Алтын бесік», «Туған жерім сағыныш», «Жоғалтпа жастығыңды», «Қос жүрек», «Ән Астана», «Мәриямның соңғы әні», «Тіл туралы толғау», «Дәм-тұз бұйырса» сияқты лирикалық әндері, «Амангелді сарбаздары» деп аталатын күй поэмасы, «Алаш арыстарына тағзым» (Сағыныш) күй реквиемі, «Өзбекәлі – әз-аға», «Бапас күйі», «Ақорданың ақ жолы», «Мамыржай» сияқты күйлері бар.





