Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында дайындалған бұл кітапқа Сәт Есенбайұлының әр кезеңде дүниеге келген шығармаларымен қатар ақынға арналған зерттеу мақалалар, арнау өлеңдер мен естеліктер жинақталып берілді. Жинақта ақынның бұрын-соңды жарық көрмеген көптеген тың шығармалары қамтылған.
Көпшілік оқырманға арналған кітап «Өлеңдер», «Әндер», Жұмбақтар», «Мақал-мәтелдер», «Айтыстар», «Дастандар», «Әңгімелер», «Мақалалар», «Арнау өлеңдер», «Естеліктер» деп аталатын он бөлімнен тұрады. Алғашқы жеті бөлімде ақынның өз туындылары қамтылса, кейінгі бөлімдерге Сәт Есенбайұлына арналған жазбалар енгізілді. Алғысөз мақала мен түсініктемелер арқылы жарияланған мұраларға қатысты мәліметтер берілген.
Сәт Есенбайұлының шығармалар жинағының баспа бетін көруіне ақынның ұрпақтары демеушілік жасады. Жинақтың толық басылып шығуына Сәтов Қайрат қаржылық жағынан демеу берсе, кітапқа қажетті деректер мен фото суреттерді ұсынған ақынның шөбересі Айгүл Ғиниатуллақызы.
Кітаптың түсініктерін жазып, құрастырушы және жауапты шығарушысы – Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкері – Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы.
Жинақтың ғылыми редакторы және алғы сөзін жазған ф.ғ.к. Қалиев Айбек Киікбайұлы.
Көлемі 33 баспа табақты (530 бет) құраған кітап Қостанай қаласындағы «Қарлығаш» баспаханасында басылып шықты. Таралымы – 200 дана.