- Басты бет
- Музей туралы
- Жаңалықтар
- Музей БАҚ беттерінде
- Музей басылымдары
- Нормативтік құжаттар
- Қамқоршылық кеңес
- Мемлекеттік сатып алу
- Мемлекеттік қызметтер
- Медиа
- Қазақстан Республикасы
- Байланыс
- Экран дикторы
2025 жылдың 6 мамырында Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған «Батырлардың ұрпағы» атты кездесу кеші өтті. Кездесу кеші екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушысы, «Қызыл Жұлдыз орденінің иегері, ақын әрі ұлағатты ұстаз болған Ғабдол-ғазез Әмірхамзиннің ұрпақтарымен өткізілді.
Кездесу барысында майдангердің қызы Шәмшия Ғазезқызы әкесінің майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі өнегесі жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Ол өзінің балалық шағы, соғыстан кейінгі жылдар мен батырдың отбасы құндылықтары туралы шынайы әрі жүрек тебірентерлік әңгімелер айтты.
Аталмыш кешке Ғазез Әмірхамзаұлының көзін көрген інілері де қатысып, естеліктерін айтты. Олар Ғазез Әмірхамзаұлының ел үшін жасаған жанқиярлық ерліктерін атап өтіп, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмірдің бағасын ұмытпау керектігін жеткізді. Сондай-ақ, мұражай қызметкерлері батырдың өмірі мен майдан жолын баяндайтын арнайы көрме ұйымдастырды.
1-ші мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесінің қарсаңында Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы мен Жастар ресурстық орталығының бірлесе отырып «Бірлік пен бейбітшілік – ел тұғыры» атты мерекелік іс-шара өткізді. Іс-шараға қала мектептері оқушылары түрлі ұлт өкілдері болып киініп, қазақ, орыс, корей, неміс, татар, әзірбайжан, өзбек, украйн халықтарының мәдениет үлгілерін ұсынды. Мерекедегі алғашқы құттықтау сөз Арқалық қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Аубакиров Түбекбай Ғапсалықұлына беріліп, ол өз кезегінде аталмыш іс-шараның елдің тұтастығына, халықтың ауызбіршілігіне орасан зор үлес қосатынын атап өтті. Келесі сөз алған Арқалық қаласы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы Сұлтанбеков Азамат Маратұлы барша қатысушыларды құттықтап, оларға Арқалық қаласы әкімінің атынан Алғыс хаттар мен және бағалы сыйлыққа арналған сертификаттарды табыстады. Музей алаңында ұйымдастырылған сахнада әр ұлт өкілдері ән мен би орындап, өз өнерімен жиналған қауымның ықыласына бөленді. Жиын соныңда Арқалық қаласының алғашқы тұрғындарының бірі, Жиенбаев Қайырден ақсақал сөз алып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Іс-шараның қортындысын музейбасшысы Терек Рауан сөз алып барша қатысқан мектептерге, ұйымдарға, Ардагерлер кеңесінің мүшелеріне, Аналар кеңесінің мүшелеріне алғысын білдіріп бұл мереке барша қазақ еліне ғана емес барша ұлт өкілдеріне ортақ мереке екенін атап өтіп маңызына тоқталып өтті. Игі шараның мақсаты Қазақ елі бірліктің, достық тың және тыныштықтың мекені екенін насихаттау.
Биыл Қазақстанның халық суретшілері Молдахмет Кенбаев пен Хакімжан Наурызбаевтың дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр. Қазақтың сурет өнері мен мүсіншіліктің тұңғыштары қатарында болған даңқты жерлестеріміздің мерейтойына байланысты Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ұзақов Сапарбек Әбілбекұлының "Жалғасын тапқан өнер" атты шеберлік сағаты өткізілді. Шеберлік сағатына Ы Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің "Тарих және өнер" факультетінің "Көркем еңбек, графика және жобалау" мамандығының студенттері қатысты. Шеберлік сағатында Сапарбек Әбілбекұлы саздан адамның бет-бейнесін жасап көрсетіп, жас талапкерлерге мүсіншілік өнерінің қыр-сырын түсіндірді. Студенттерге мүсіншінің өзі жасаған мүсіншелері мен шәкірттері Шәкір Іңкәр мен Шакирова Жаннұрдың суреттерінен жасақталған көрме де көрсетілді.
Айта кету керек, мүсіншінің әкесі Әбілбек Ұзақұлы Қазақстанның халық суретшісі Хакімжан Наурызбаевтың төл шәкірті болған. Әке үлгісін көрген Сапарбек Әбілбекұлы жалғасын тапқан өнердің жарқын өкілі болып, Молдахмет Кенбаев пен Хакімжан Наурызбаев секілді халық суретшілерінің ізбасар мұрагері болып келеді.
Түркия мемлекетіне іс-сапармен барған Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының филология және педагогика факультетінің деканы, ф.ғ.к. Қалиев Айбек Киікбайұлы Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында шығарылған «Ескі сөз ел мұрасы», «Тобыл-Торғай әуені», «Батпаққара көтерілісі» кітаптарын Нигде университетіндегі қазақ-түрік орталығына тапсырды.
2019 жылы шығарылған «Ескі сөз – ел мұрасы» жинағында негізінен жергілікті аймақтан, яғни, Торғай өңірінен жинақталған мұралар берілген. Фольклор мұраларын жинақтау барысында қазан төңкерісіне дейін кітап болып басылған шығармалар, кеңес дәуірінде саяси-идеологиялық бақылауға алынып, цензура сүзгісімен жарияланған мәтіндер, әр түрлі себептермен жариялауға тиым салынған шығармалар, қолжазба күйінде жеткен материалдар секілді қолжазба қорларында сақталған фольклор мәтіндерімен бірен-саран жинақтар мен мерзімді басылымдарда жарық көрген ауыз әдебиеті үлгілері де қамтылған жинақта фольклор туындылары жанрлық ерекшеліктері бойынша жіктеліп, бірнеше бөлімге жіктеліп, топтастырылып берілген.
2020 жылы жарық көрген «Тобыл-Торғай әуені» атты музыка антологиясы да қазақ-түрік орталығының қорындағы құнды кітаптардің бірі болар деген сенімдеміз. Бұл музыка антологиясы үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде әндер мен күйлердің ноталары берілсе, қосымша бөлімде осы өңірдің музыка мұрасына қатысты жазылған мақалаларымыз және бірнеше өнерпазымыздың суреттер берілген. Кіріспе мақала мен әндерге түсініктемелер арқылы жарияланған мұраларға, олардың авторларына қатысты мәліметтер берілген. Кітапқа 90 нота енгізілді. Бұлардың барлығы авторлық шығармалар. Кітаптың алғы сөзін жазған белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов. Өңіріміздің музыка мәдениетінің, жалпы халық шығармашылығының қандай күйде болғандығын, ән мен күй мұрасының, рухани мәдениетінің тарихын әділетті да жан-жақты бағалауға аз да болса мүмкіндік беретін бұл кітаптың тұсаукесер рәсімі ҚР ұлттық музейінде өткен еді.
1929 жылы Кеңес үкіметіне қарсы ұйымдастырылған батпаққара көтерілісіне арналған кітап 2021 жылы баспа бетін көрген. Зерттеушілер мен өлкетанушыларға арналған кітапта Батпаққара көтерілісіне қатысып, жазалауға ұшыраған тұлғалардың тізімі және көтеріліске қатысты әр кезеңде жазылған зерттеулер мен мақалалар, естеліктер енгізілген. Жинақта Батпаққара көтерілісіне қатысушы тұлғалардың суреттері де берілген. Алғы сөзін жазған – т.ғ.к. Наурызбаева Эльмира Кенжеғалиқызы.
Мұражайда атқарылған зерттеу жұмыстары негізінде шыққан бұл кітаптардың барлығының құрастырушысы – Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы. Нигде университетіндегі қазақ-түрік орталығына тапсырған ф.ғ.к. Қалиев Айбек Киікбайұлы болса, Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми кеңесінің мүшесі ретінде аталмыш үш кітаптың да ақылдастар алқасында болып, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізген әрі «Ескі сөз – мұрасы» кітабының алғы сөзін жазған филолог ғалым.
Нигде университетінің студенттері мен оқытушылар құрамы, жалпы қазақ-түрік орталығына келушілер аталған кітаптардан қазақ халқының тарихы мен мәдениеті жайлы, оның ішінде Торғай өңіріне қатысты деректерді оқып біле алады.
Сәуір айының 26 жұлдызында музей қабырғасында Қазақстан халықтарының Ассамблеясының 30 жылдығына арналған "Ел татулығы жарасқан" атты кездесу кеш өтті. Кеште Арқалық көпсалалы колледжінің қызметкерлері Еркінова М.А және Шижванова А.О қатысты. Кеш барысында қонақтар өздері жайлы, қоғамдағы өмірі туралы, ұлтаралық қатынастар мәселесінде, отбасылық тәрбие және ұлтаралық отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын атап өтті. Ассамблеяның 30 жылдығына арналған бұл іс-шара қаламыздың және еліміздің барша қазақстандықтарды өз дәстүрін сақтай отыра бейбіт өмір сүруге шақырады деген сенімдеміз.
Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының қор комиссиясының отырысы болып, мұражай қорына келіп түскен жәдігерлер комиссия мүшелерінің назарларына ұсынылды.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында мұражай қорына өлке тарихына қатысты біршама жәдігерлер келіп түскен еді. Олардың ішінде Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаевтың, Қазақ кеңес республикасының кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі Досжанов Хамит Кәмалиұлының, ҚР мәдениет қайраткері Мұқатова Оразгүл Оразбайқызының жеке заттары мен құжаттарын ерекше атап өтуге болады. Қор комиссиясының ұсынысымен аталған жәдігерлердің бірнешеуі экспозицияға орналастырылып, мұражай келушілерінің назарына ұсынылатын болды.
27 наурыз – Халықаралық театр күні қарсаңында Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаевтың жеке заттары мұражай қорына ресми түрде табысталды.
Ізгілікті іс-шараға өнерпаздың туыстары мен ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар мен тарихшылар, студент-оқытушылармен бірге Астана, Қостанай қалаларынан, көршілес аудандардан қонақтар қатысты.
Іс-шара барысында қала әкімі Әмірхан Асанов, көнекөз қария Тұрысбек Ізтілеуов, Арқалық қаласының құрметті азаматтары Шөптібай Бәйділдин, Бораш Әбенов, Арқалықық қазақ жасөспірімдер театрының бас режиссері Ербол Әбжаловтар өнер саңлағы туралы жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті. Театр әртісі, ҚР Мәдениет қайраткері Ораз Нұрғали атақты «Гауһар тас» әнін орындады.
Талантты тұлғаның жеке құжаттарын осы істің басы-қасында жүрген елжанды азамат, жеке кәсіпкер Марат Якупов табыс етті.
Торғай топырағынан шыққан шоқтығы биік өнер жұлдыздарының бірі, Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев ұзақ жылдар бойы Қазақ академиялық драма театрының актері болған еді. Оның актерлік шеберлігінің қалыптасуына М.Әуезов пьесалары бойынша қойылған спектакльдерде ойнаған рөлдері ерекше ықпал етті. Кинофильмдерге түсіп, ірі экрандық бейнелерді де сомдады. Әсіресе, «Гауһар тас» фильміндегі Тасан бейнесі Әнуар Боранбаевты көпшілікке танытты деуімізге болады.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін облысымыздың музейлерінде Әнуар Боранбаевтың жеке заттары көрсетілмеген еді. Сондықтан, халық әртісінің жеке құжаттарының мұражай қорына тапсырылуы — өңірдің өнер тарихы үшін үлкен бір жаңалық болып тұр. Бұл құжаттар халық батыры Аманкелді Имановтың қанжары, халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің домбырасы сияқты құнды мұралармен бірге музейдің төрінен орын алып, ұлттық мәдениетімізді байытып тұратын болады.
Қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік тұрған ақындардың бірі Тұманбай Молдағалиев. Ол әдебиетке жастай келіп, ерте танылды. Елуінші жылдардың орта шенінен бастап мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген Тұманбай жырлары оқырманды бірден баурап әкетті. 1957 жылы жарық көрген «Студент дәптері» атты алғашқы жыр жинағы ақынның әдебиет әлеміндегі өз орыны бар ақын екендігінің алғашқы айғағы болды. содан бастап өзі өмірден өткенге дейін ақын қаламы бір тыным тапқан емес. Жарқын жастықты, туған елді, көркем көктемді жырлаған Тұмағаң жастықтың жыршысы болды. Артына мол мұра қалдырды. Т.Молдағалиев әсіресе әнге арналған өлеңдердің асқан шебері болды. Оның 500-ден аса өлеңіне ән жазылған. Тұманбай сөзіне жазылған «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Құстар қайтып барады», «Қаздар қайтқанда» т.б. әндер жалпы қазақ баласының сүйіспеншілігіне бөленген әндер болды.
Өзін жырлау арқылы өмірді жырлай білген ақынның дүниеге келгенін биыл 90 жыл толып отыр. Осыған орай Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында «Туған елдің жыршысы» атты әдебиет кеші өткізілді. Кеш барысында қаламыздағы Кейкі батыр атындағы №4 мектептің оқушылары, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары Амантай Әдемі, Қапез Мейірлан, Меңдеш Ақмаржан Тұманбай өлеңдерін оқып, көрерменді тәнті етті. Нұрым Дүзбай ақынның сөзіне жазылған «Туған ел» әнін айтса, өзі де сазгер Данияр Әмірбеков Тұманбай мен Нұрғиса тандемінен туған «Құстар қайтып барады» әнін орындап берді. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы Тұманбай шығармашылығы жайлы талдап айтып, өлең оқыды. Бұл әдеби кеш 20 наурыз Тұманбай Молдағалиевтің туған күніне орай өткізілді.
8 наурыз халықаралық әйелдері күні мерекесіне орай Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында кітапхана ісінің ардагері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жанғалиева Роза Жылқыбайқызымен «Өз ісінің үздігі» атты кездесу кеші өтті.
Роза Жылқыбайқызы 40 жылдан астам уақыт кітапхана саласында абыройлы қызмет атқарып, руханият ордасындағы барлық міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарған, өз ісіне деген махаббат пен құштарлық көрсете білген тұлға. Кештің мақсаты қаламызда кітапхана саласына өз үлесін қосқан жанмен жақынырақ танысу, өмірі мен еңбек жолынан сыр шерту, жетістіктерін келешек ұрпаққа үлгі ету.
Кітапхана ісінің үздігімен өткен кешіне Арқалық қаласындағы №2 әмбебап ғылыми кітапхананың басшысы Алматова Сәуле Ахметқызы, Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Дәмет Есенжолқызы және т.б. құрметті қонақтар қатысып, өз лебіздерін білдіріп, сыйларын табыстады
2025 жылдың 19 ақпан күні ағартушы-демократ, саяхатшы, этнограф, фольклорист, Орта Азия, Қазақстан және Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуші Уәлиханов Шоқан Шыңғысұлының туғанына 190 жыл толуына орай «Қазақтың тұңғыш ғалымы» атты зияткерлік ойын өткізілді.
Ш.Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен іс-шара оқушылардың білімдерін кеңейтуге көп үлес қосты.
Аталған зияткерлік ойын 5 кезеңнен тұрды. Сайысқа қаламыздағы Ш.Уәлиханов атындағы №1 жалпы білім беретін орта мектебі «Шоқан шәкірттері» және Кейкі батыр атындағы №4 жалпы орта білім беретін мектебі «Шоқан ізімен» бақ сынасып, Шоқан Уалиханов атындағы мектебінен келген «Шоқан шәкірттері» командасы жеңімпаз атанды. Қатысқан және жеңімпаз атанған барша оқушыларға алғыс хаттар, кітаптар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Іс-шараға атсалысқан барша оқушылар мен ұстаздарға алғысымыз шексіз.
Терек Рауан Абдуллажанұлы