Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы халқымыздың көрнекті тұлғасы Өзбекәлі Жәнібеков негізін салып, іргетасын қалаған мәдени ошақтың бірі. Халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап отырған бұл мұражай Өз-ағаңның ең алғашқы ашқан мұражайы еді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №88-р Жарлығымен 1972 жылдың 4 ақпанында құрылған, мұражай халық батыры А. Имановтың туғанына 100 жыл толуына орай, 1973 жылдың 28 шілдесінде алғашқы көрермендерін қабылдады. Мұражайдың ашылуына орай салтанатты жиынға Республика басшысы Д.А.Қонаевтың қатысуы көп нәрсені аңғартқандай. Сол уақыттағы облыс басшылары Сақан Құсайынов, Юрий Трофимов, Айдархан Сәрсеновтердің қолдауымен және қазақ халқының ұлтжанды біртуар азаматы, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің ыстық ықыласымен, бар ынта-жігерімен кіріскен тынымсыз еңбегінің арқасында келер ұрпаққа кешегі күннен сыр шертер тарихи- археологиялық мәдени асыл қазына үйі өз шаңырағын тіктеді.
Мұражай үйінің өзі де тарих пен мәдениет ескерткіші болып саналады. Мұражай алдындағы алаңда орнатылған А. Иманов пен Ә. Жанкелдиннің стелласы, алғаш рет боксит кенін қазған экскаватор шөміші мен алғашқы боксит кесегі, ғарышкерлердің қону аппараты Торғай өлкесінің өткені мен бүгінін және болашағының тығыз байланысып жатқанын көрсетеді. Елу жылдан астам халыққа қызмет етіп келе жатқан мұражай қорында 77 мыңнан астам жәдігер сақталған. Қойнауы сырға толы киелі өлкенің талай-талай ғажайыптары мұражайды аралай бастағаннан-ақ тарихтың терең тылсымына жетелейді.
1986-1991 жылдары мұражайда реэкспрозиция жұмыстары жүргізіліп, мұражай қоры толықтырылған.
2020 жылы мұражай ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан соң 2023 жылдың қыркүйек айына дейін мұражай қорының жәдігерлері уақытша халық назарына ауыспалы көрме ретінде құрылып әлеуметтік желілермен көшпелі көрме ретінде жасақталып реэкпозиция жұмыстары басталғанға дейін тоқтаусыз өз жұмыстарын атқарып келді. 2023 жылдың шілде айында басталған реэкспозиция жұмыстары 2024 жылдың қаңтар айында аяқталды, жасалған реэкспозиция бойынша тоғыз залға тақырыпқа сай жәдігерлер қойылып, қалған жәдігерлер мұражай қорында сақтаулы тұр.
Өз-ағаң негізін қалаған руханият ордасы осы уақытқа дейін жемісті қызмет атқарып, мәдени-білім беру, экспозициялық-көрме, ғылыми-зерттеу, жәдігерлерді жинақтау, сақтау және насихаттау бойынша нәтижелі жұмыс атқарып, өскелең ұрпаққа еліміздің тарихи құндылықтарын сақтап, өңірдің рухани өмірін, мәдени саласын дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
Мұражайдың ұйымдастыруымен танымдық сағаттар, кездесу кештері, еске алу кештері, конференция мен семинарлар, зияткерлік ойындар, тақырыптық лекциялар мен музей сағаттары, көрмелерден бөлек, әлеуметтік осал топтарға арналған іс-шараларда жиі өткізіледі. Мұражай қорындағы жәдігерлерді цифрландыру, музей құндылықтарын жинақтау, есепке алу және сақтау жұмыстары оңтайлы жолға қойылып, музей келушілеріне бірнеше тілде экскурсия қызметі көрсетіледі.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Дәстүр мен ғұрып», «Түзету мекемесіне бір жәдігер», «Үйдегі мәдени құндылық» секілді тұрақты мұражай жобалары өлкеміздің тарихын, халқымыздың салт-санасын зерттеуде, ұлт тарихына қатысты жәдігерлерді көпшілікке танытуға және насихаттауға бағытталған.
Мұражай қызметкерлері жергілікті баспасөзбен қатар республикалық, халықаралық басылымдарда өз еңбектерін жариялап, телеарналар мен радиоларға сұхбаттар беріп тұрады. Түрлі экспедицияларға қатысып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Мұражай қызметкерлері қалалық, облыстық, республикалық деңгейлерде өткен конференциялар мен семинарларға, біліктілікті арттыру курстарына қатысып отырады. Мұражайдағы ғылыми-зерттеу жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Мұражайда қабырғасында дайындалған «Ескі сөз – ел мұрасы», «Тобыл-Торғай әуені», «Ел жырауы атанған...» сияқты басылымдар өңіріміздегі өткен ғасырлардағы музыка мәдениетінің, саз бен сөз мұрасының, жалпы халық шығармашылығының қандай күйде болғандығын, рухани мәдениетінің тарихын әділетті да жан-жақты бағалауға мүмкіндік туғызса, «Жүрекке наз», «Тас түлеткен талант» кітаптары қазіргі уақыттағы талантты тұлғаларымыздың шығармашылығын насихаттауға арналған. Кеңестік озбыр саясатқа қарсы күресіп, түрлі деңгейде жазаға ұшыраған 600-ге жуық тұлғалардың толық дерекнамасын көрсетілген «Батпаққара көтерілісі» саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жолында жасалған игі қадамдардың бірі. Мұражай қызметкерлері мемлекеттік деңгейде шыққан «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары» көп томдығын құрастыруға да ат салысты.
Өз-ағаңның өзі «осы музейден басталған қазақтың көне тарихы, этнографиясы мен дәстүрлі өнерін зерттеуге құштарлық менің кейінгі шығармашылық ізденістеріме арқау болды» – деп қастерлей білген Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы бүгінде уақыт көшіне ілесіп тың деректермен, құнды дүниелермен толыққан тарихи маңызы бар мәдениет ошағы болып отыр. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының қолтаңбасы сақталған бұл мұражай өткен дәуірлердің куәсі болған асыл мұраларымызды сақтау жолында еліміздің басқа да музейлері секілді барынша адал қызмет атқарып келеді.