Сәуір айының 3-ші жұлдызында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде халық батыры, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің сардарбегі Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының «Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі» мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ұйымдастырған коференцияға Парламент Сенатының депутаттары, Қостанай және Астана қалаларының мәдениет мекемелерінің басшылары, ғалымдар, ҚР жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінің оқытушылары мен магистранттары, 1916 жылғы оқиғаларға қатысушылардың ұрпақтары, музей, архив қызметкерлері, өлкетанушылар жалпы саны 100-ден аса адам қатысты. Аталмыш конференцияға Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының аға ғылыми қызметкері Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы да қатысып, пленарлық отырыста «Иман батыр әулеті – ерлік пен елдік жолында» тақырыбында баяндама жасады.