Бүркіт Бекетов 1980 жылдары қайтадан жаңғыра бастаған қазақ айтысының жаңаша қалыпта дамуына өзінің үлесін қосқан белгілі ақындардың бірі. Айтыс сахнасында Қонысбай Әбіл, Жадыра Құтжанова, Ерік Асқаров, Қатимолла Бердіғалиев, Серік Құсанбаев, Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова секілді дүлдүлдермен сөз жарыстырып, ой таластырған ақын сол кезеңдегі облысаралық айтыстарда Торғай облысының намысын қорғаған өнерпаздардың бірі болды. Бүркіт ақынның есімінің көпшілікее танылуына ықпал еткен жацлардың бірі оның тамаша ән мәтіндерін жазғандығы еді. Белгілі композитор Қалибек Деріпсалдинмен Бүркіт Бекетовтің бірлесіп жасаған шығармашылық жұмысының нәтижесінде өмірге 10-нан артық ән келіп, ол әндерді республикаға танымал Нұрғали Нүсіпжанов, Досымжан Таңатаров секілді әншілер орындап жүр. Ақынның көзі тірісінде өнердегі еңбегі ескеріліп ҚР мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталған.
Өткен 2024 жылдың желтоқсан айында Аманкелді ауданында ақынның 70 жылдығына арналған «Баладай бес жастағы аңқылдаған...» атты еске алу кеші өткізілген еді. Қаңтар айының 29 жұлдызында Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында ақынның «Жүрекке наз» атты шығармалар жинағының таныстырылымы болды.
«Жүрекке наз» – Бүркіт ақынның мұрасын халқымен қауыштыруға, мирасының сақталуына жасалған оң қадамдардың бірі. Кітап Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында дайындалып, ақынның шәкірттерінің демеушілігімен жарық көрген еді. Мұражайда өткен тағылымды кешке ақынның достары мен туыс-туғандары, өнерде бірге жүрген замандастары қатысып, Бүркіт Бекетұлы жайлы жылы лебіздерін білдіріп, сағынышқа толы естеліктерімен бөлісті. Қаламыздың белгілі әншісі, Родина ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Мұратбек Талғатұлы Бүркіт ақынның сөзіне жазылған Қалибек Деріпсалдиннің «Ақбота» әнін орындап, ақынның айтыстарынан үзінділер де көрсетілді. Көпшілік оқырманда Бүркіт ақынның мұрасымен таныс болсын деген ниетпен Арқалық қаласындағы №2 облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне бірнеше дана кітап тапсырылды.