Бүгін: 14.06.2025
Реформалардың локомотиві сіздерсіздер, біздің ару жастар! Қазақстанның болашағы жастардың қолында, өз мүмкіндігіңді, арманыңды жіберіп алма. Жақсы оқып, еңбектенген адамның ғана арманы орындалады. Қасым-Жомарт Тоқаев

Түркия мемлекетіне іс-сапармен барған Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының филология және педагогика факультетінің деканы, ф.ғ.к. Қалиев Айбек Киікбайұлы Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында шығарылған «Ескі сөз ел мұрасы», «Тобыл-Торғай әуені», «Батпаққара көтерілісі» кітаптарын Нигде университетіндегі қазақ-түрік орталығына тапсырды.

2019 жылы шығарылған «Ескі сөз – ел мұрасы» жинағында негізінен жергілікті аймақтан, яғни, Торғай өңірінен жинақталған мұралар берілген. Фольклор мұраларын жинақтау барысында қазан төңкерісіне дейін кітап болып басылған шығармалар, кеңес дәуірінде саяси-идеологиялық бақылауға алынып, цензура сүзгісімен жарияланған мәтіндер, әр түрлі себептермен жариялауға тиым салынған шығармалар, қолжазба күйінде жеткен материалдар секілді қолжазба қорларында сақталған фольклор мәтіндерімен бірен-саран жинақтар мен мерзімді басылымдарда жарық көрген ауыз әдебиеті үлгілері де қамтылған жинақта фольклор туындылары жанрлық ерекшеліктері бойынша жіктеліп, бірнеше бөлімге жіктеліп, топтастырылып берілген.

2020 жылы жарық көрген «Тобыл-Торғай әуені» атты музыка антологиясы да қазақ-түрік орталығының қорындағы құнды кітаптардің бірі болар деген сенімдеміз. Бұл музыка антологиясы үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде әндер мен күйлердің ноталары берілсе, қосымша бөлімде осы өңірдің музыка мұрасына қатысты жазылған мақалаларымыз және бірнеше өнерпазымыздың суреттер берілген. Кіріспе мақала мен әндерге түсініктемелер арқылы жарияланған мұраларға, олардың авторларына қатысты мәліметтер берілген. Кітапқа 90 нота енгізілді. Бұлардың барлығы авторлық шығармалар. Кітаптың алғы сөзін жазған белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов. Өңіріміздің музыка мәдениетінің, жалпы халық шығармашылығының қандай күйде болғандығын, ән мен күй мұрасының, рухани мәдениетінің тарихын әділетті да жан-жақты бағалауға аз да болса мүмкіндік беретін бұл кітаптың тұсаукесер рәсімі ҚР ұлттық музейінде өткен еді.

1929 жылы Кеңес үкіметіне қарсы ұйымдастырылған батпаққара көтерілісіне арналған кітап 2021 жылы баспа бетін көрген. Зерттеушілер мен өлкетанушыларға арналған кітапта Батпаққара көтерілісіне қатысып, жазалауға ұшыраған тұлғалардың тізімі және көтеріліске қатысты әр кезеңде жазылған зерттеулер мен мақалалар, естеліктер енгізілген. Жинақта Батпаққара көтерілісіне қатысушы тұлғалардың суреттері де берілген. Алғы сөзін жазған – т.ғ.к. Наурызбаева Эльмира Кенжеғалиқызы.

Мұражайда атқарылған зерттеу жұмыстары негізінде шыққан бұл кітаптардың барлығының құрастырушысы – Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы. Нигде университетіндегі қазақ-түрік орталығына тапсырған ф.ғ.к. Қалиев Айбек Киікбайұлы болса, Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми кеңесінің мүшесі ретінде  аталмыш үш кітаптың да ақылдастар алқасында болып, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізген әрі «Ескі сөз – мұрасы» кітабының алғы сөзін жазған филолог ғалым.

Нигде университетінің студенттері мен оқытушылар құрамы, жалпы қазақ-түрік орталығына келушілер аталған кітаптардан қазақ халқының тарихы мен мәдениеті жайлы, оның ішінде Торғай өңіріне қатысты деректерді оқып біле алады.