- Басты бет
- Музей туралы
- Жаңалықтар
- Музей БАҚ беттерінде
- Музей басылымдары
- Нормативтік құжаттар
- Қамқоршылық кеңес
- Мемлекеттік сатып алу
- Мемлекеттік қызметтер
- Медиа
- Қазақстан Республикасы
- Байланыс
- Экран дикторы



Ағымдағы жылдың 24 қарашасы күні айтыстың ақтаңгері, 2025 жылдың қорытынды айтысының жеңімпазы Қалиев Айбек Киікбайұлының алтын домбырасын мұражай қорына тапсыру рәсімі өтті. Қала әкімі Асанов Әмірхан Біркенұлы Айбек Киікбайұлына қала жұртшылығының құттықтауын жеткізіп, сый-сияпатын тапсырды. Салтанатты іс-шараға қаланың зиялы қауым өкілдері де қатысып, ақ тілек,жылы лебіздерін білдірді.
Ақтаңгер ақынның Алтын домбыра жыл бойы Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының экспозициясында Нұрхан Ахметбековтің домбырасы, Амангелді Имановтың қанжары, Әбілхан Қастеев салған Амангелді батырдың портреті секілді құнды жәдігерлермен тұрып, ел назарына ұсынылады.



Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ұжымы Ақмола облысы, Көкшетау қаласына Республика күніне орай берілген демалыста арнайы барып қайтты.
Іссапардың басты мақсаты — белгілі өнер иесі, «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің мүшесі Настаева Айтжан Настаевнамен кездесіп, ансамбльдің тарихына қатысты құнды заттарды мұражай қорына қабылдау болды.
Кездесу барысында Айтжан апай ансамбльдің шығармашылық жолы мен ұлттық музыканы дәріптеудегі еңбектері туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, ансамбльдің сахналық фотосуреттері, жеке заттары, сондай-ақ Қыпшақ Қойғарин ұстаған баян мен шертер аспабы мұражай қорына тапсырылды.
Бұл жәдігерлер – халқымыздың бай мәдени мұрасының айғағы.
Олар енді келушілерге «Шертер» ансамблінің өнер жолынан сыр шертетін ерекше жәдігерлер ретінде таныстырылатын болады.


24 қазан – Кітапханашылар күніне орай Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында «Рухани-білім ордасы» атты кездесу кеші өтті.
Іс-шараға Арқалық қаласындағы облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапхананың басшысы Сәуле Ахметқызы мен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Дәмет Есенжолқызы арнайы қонақ болып қатысты.
Кездесу барысында кітапхана саласының маңыздылығы, мамандыққа келу жолдары, атқарылған еңбектері мен есте қалған қызықты сәттері туралы әңгіме өрбіді. Сондай-ақ, жастарды кітапхана ісіне тарту жолдары, қазіргі оқырмандардың сұранысы мен жастардың қандай жанрдағы кітаптарға қызығатыны жайлы да ой қозғалды.
Сұхбат шынайы, әсерлі әрі мазмұнды өтті. Кітапханашылар – руханияттың шамшырағы, білім мен мәдениеттің сақшылары екенін тағы бір мәрте айқындаған мәнді басқосу болды.




Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ұйымдастыруымен сазгер, зерттеушісі, ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мақанов Қайыржан Байпақұлының 85 жылдығына арналған «Ұлт өнерінің жанашыры» еске алу кеші өткізілді.
Еске алу кешінде сазгердің өзі шығарған әндері орындалып, Астана, Екібастұз, Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген қонақтар, өнер қайраткерінің туыс-туғандары мен ұрпақтары Қайыржан Байпақұлының өмір жолы мен шығармашылығы туралы естіліктерімен бөлісіп, тұшымды әңгімелер айтты.
Қайыржан Мақанов қазақтың тұңғыш этнографиялық фольклорлы «Шертер» ұлт-аспаптар ансамблін ұйымдастырушылардың бірі ретінде ел есінде қалған өнер қайраткері. Ол «Шертер» ансамблінің көркемдік жетекшісі бола жүріп, алыс-жақын шет елдерге қазақ мәдениеті мен өнерін танытқан ұлтжанды азамат болды. Өнер зерттеушісі ретінде өңіріміздегі музыка мәдениетінің зерттелуіне де айрықша үлес қосты. М.Өтелбаев, А.Затаевич, Н. Құлжанова, А. Янушкевич, Р. Елебаев, Ә. Еспаев т.б. қайраткерлер туралы тың деректі зерттеулер республикалық мерзімді баспа беттерінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп, елдің қызығушылығын тудырды. «Өнерлі әулет» секілді құнарлы, құнды еңбектері шықты.
Сазгерлікпен де айналасып, бірталай тамаша әндер мен күйлер шығарған өнер қайраткерінің Абайға арнап шығарған «Көңілімнің санасы» күйі республикалық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған еді. Оның «Алтын бесік», «Туған жерім сағыныш», «Жоғалтпа жастығыңды», «Қос жүрек», «Ән Астана», «Мәриямның соңғы әні», «Тіл туралы толғау», «Дәм-тұз бұйырса» сияқты лирикалық әндері, «Амангелді сарбаздары» деп аталатын күй поэмасы, «Алаш арыстарына тағзым» (Сағыныш) күй реквиемі, «Өзбекәлі – әз-аға», «Бапас күйі», «Ақорданың ақ жолы», «Мамыржай» сияқты күйлері бар.



16 қазан күні “Құтқарушылар күніне” орай “Құтқарушылар – батырлық пен ерліктің үлгісі” атты кездесу кеші өткізілді.
Кездесу кешінің құрметті қонағы – аға өрт сөндіруші, құтқарушы, аға сержант Ысқақ Жандос Қойшығараұлы болды. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, құтқарушы мамандығының маңыздылығын, бұл жолдағы қиындықтар мен жауапкершіліктер туралы әңгімеледі. Сондай-ақ жастарға өмірлік бағыт-бағдар беріп, мамандық таңдаудағы жауапкершілік жайында ой қозғады.
Айта кетейік, Ысқақ Жандос Қойшығараұлы 2018 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен “Айбын” ІІІ дәрежелі орденімен наградталған.
Кездесуге Арқалық қалалық медициналық колледжі мен политехникалық колледждің студенттері қонақ ретінде қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Талқыланған негізгі тақырыптар – алғашқы көмек көрсету ережелері, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайда қорғану және сақтану шаралары болды.
Батырлық пен ерліктің үлгісін көрсеткен құтқарушыларымызға алғыс айтамыз!



Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында қазақ вальсінің падишасы, ұлт мақтанышы, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Ән аға, Шәмші аға» атты музыкалық кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты — ұлы композитордың мәңгілік мұрасын дәріптеу, жас ұрпаққа ұлттық музыка мен өнердің құндылығын насихаттау болды.
Кеш барысында сазгердің өмірі мен шығармашылығы жайлы бейнебаян көрсетіліп, сүйікті әндері орындалды.
Көрермендерге «Құстар қайтып барады», «Сыған серенадасы», «Ана туралы жыр» сынды халық жүрегінен орын алған әуезді әндер тарту етілді.
Кештің көркемдік деңгейі жоғары өтіп, көрермен қауым ұлы композитордың өміршең әндерінен рухани әсер алды.

Қасжанов Нұрлыбек Сапабекұлы